«Astana Times» ЖК, «Қаздала» ақпарат агенттігі, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің № 15 766 - ИА 30.12.2015 куәлігі берілген.

26 тамыз күні Астана қаласында өтетін қазақ күресінен Азия чемпионатында 16 спорт төрешісі төрелік етеді. Олардың арасында қазақстандық қана емес, шетелден келетін төрешілер бар, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Азия чемпионатында Қазақстан, Грузия, Өзбекстан, Литва, Украина төрешілері төрелік етеді. Соның ішінде үш арбитр Астана, Алматы және Семей қалаларынан шақырылып отыр.

Халықаралық дәрежедегі төреші Мақсат Ахметбековтың айтуынша, Қазақстан атынан Азия чемпионатында сегіз төреші төрелік етеді. Ал қалғаны өзге мемлекеттерден келеді.

«Мен Қарағанды облысынан келейін деп отырмын. Барынша әділ төрелік етеміз деген ойдамыз. Өзім былтыр Әлем чемпионатында бас төреші болдым. Қазақстандық төрешілердің біліктілігі жоғары деңгейде. «Қазақстан Барысында», Қазақстан чемпионатында, ірі турнирлерде төрешілік жасап жүргендердің арасынан іріктеп алдық. Ал шетелдік төрешілерге мастер класс өткізілетін болады. Оларды да сыртта өткен жарыстардан іріктеп алдық», - деді ол.

Қазақ күресінен чемпионатқа 20 мемлекеттен 80 спортшы қатысады. Жарыс 8 салмақтықта және абсолюттік бойынша өтеді.

Қазіргі таңда Азия чемпионатына қатысуға Жапония, Өзбекстан, Тәжікстан, Моңғолия, Иран, Пәкістан мен Үндістан мемлекеттері өздерінің мықты деген спортшыларын дайындап отыр.

Қазақ күресінен ұлттық құраманың бас бапкері Ерлан Естек қазақстандық палуандардың дайындығы туралы айтып берді.

«Азия чемпионатына 9 салмақ дәрежесінде палуандар қатысады. Тамыздың 12-нен 24-іне дейін Бурабай ауданындағы «Жақсы» спорт кешенінде оқу-жаттығу жиынында жігіттер тыңғылықты дайындалады. 25 тамыз күні Астанада салмақ өлшеу рәсімі өтеді. 26-сы күреседі. Палуандардың дайындығы өте жақсы. Дайындықтың бірінші кезеңін Шымкент қаласында, екінші кезеңін Грузия мемлекетінде өткіздік. Үшінші кезең енді басталады», - деді ол.

Азия чемпионаты Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі, Астана қаласының әкімдігі, «Самрұқ Қазына»ұлттық әл-ауқат қоры, ERG Еуразиялық тобының қолдауымен жүзеге асуда. Ұйымдастырушы «Халықаралық қазақ күресі федерациясы» ЗТБ.

Айта кетсек, Қазақ күресі (Qazaq kuresi) ұлттық спорт түрі ғана емес, ол ЮНЕСКО-ныңматериалды емес мұралар тізіміне жатады. Былтыр ХалықаралықQazaq kuresi федерациясы құрылып, ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев федерация Президенті болып сайланды. Жыл сайын осы спорт түрінен бірнеше халықаралық және республикалық жарыстар өтеді. Соның бірі 2017 жылы өткен Әлем чемпионатына 40 елден 160 палуан қатысты.