«Astana Times» ЖК, «Қаздала» ақпарат агенттігі, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің № 15 766 - ИА 30.12.2015 куәлігі берілген.

24 маусымда таңғы сағат 09.00-де Астанада елорда күнін мерекелеу аясында дуатлоннан ашық қалалық турнир өтеді. Биыл жарыс үшінші рет ұйымдастырылады, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты мәдениет және спорт басқармасына сілтеме жасап.

Қатысушылар жүгіру, велосипедпен жүруден үш қашықтықты бағындыруы тиіс. Жүгіру жолы 5 және 2,5 шақырымды, велосипедпен жүру жолы 20 шақырымды құрйды. Міндетті түрде қатысушылардың өз велосипеді және шлемі болуға тиіс. Дуатлонның толық регламенті Астана қаласы мәдениет және спорт басқармасының www.madeniet-sport-astana.kz сайтында жарияланған.

Әдеттегідей, Астана-дуатлон «Бәйтерек» монументінің алдындағы алаңнан басталады. Қатысушылар Қонаев к-сі, Қабанбай батыр даңғылы, Ақмешіт к-сі, Достық к-сі және Мәңгілік ел даңғылы арқылы жүгіріп өтеді. Сонымен қатар, Қонаев к-сі, Тұран даңғылынан «Астана жұлдыздары» монументіне дейін (Қабанбай батыр даңғылымен айналма жол), содан соң кері бұрылып Тұран даңғылы арқылы Достық көшесіне дейін 20 шақырымды велосипедпен бағындырады. Дистанцияның соңында олар Мәңгілік ел даңғылы және Қонаев көшесі арқылы мәреге жетеді.

«Астана-дуатлон-2018» шарасына 16 жастан асқан азаматтар қатыса алады. Қатысуға ниет білдіргендер Астана қаласының триатлон федерациясының http://triathlonastana.kz/competition/5b2a0be6055d790e2ed2e9ed/subscribe сайтына кіріп алдын ала тіркелуге міндетті.

Спортшылар жеке куәліктерін ала келуі керек. Айта кетейік, алаңда медициналық пункт орнатылады. Әрбір қатысушы жарысқа қатысуға дәрігерлердің рұқсатын алады.

Жарысқа жіберілген қатысушылар жас ерешелігі бойынша төрт топқа бөлінеді – 16-дан 30-ға дейін, 31-ден 40-қа дейін, 41-ден 50-ге дейін, 51 жас және одан жоғары. Әрбір топ бойынша жеңімпаздар қашықтықты ең аз уақытта бағындыруына қарай анықталады. Хронометраж арнайы қондырғының арқасында жеке-жеке белгіленетін болады. 1-3 орын алған чемпиондарды марапаттаудан басқа, тіркелген спортшылар арасында лотерея мен бағалы сыйлықтар ұтысы өткізіледі.

Айта кету керек, «Астана-дуатлон» жарысы 2015 және 2016 жылдары Елорда күнін мерекелеу қарсаңында өткізілген болатын. Турнирге басқа спортшылармен бірге еліміздің бұрынғы Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов, Президент Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков, кәсіпқой велошабандоз, Олимпиада чемпионы Александр Винокуров, сондай-ақ басқа да көптеген қоғам және мемлекет қайраткерлері қатысқан болатын.

Жүргізушілер назарына! Жексенбі, 24 маусымда, Астана-дуатлон өткен уақытта сағат 09.00-12.00 аралығында қатысушылардың қозғалыс маршруты бойынша көлік қозғалысы жартылай шектеледі: Д.Қонаев к-сі, Тұран даңғылы, Достық к-сі, Мәңгілік ел даңғылы, Д.Қонаев к-сі, Ақмешіт к-сі және Түркістан к-сі. 

Сағат 07:00-12.00 аралығында Д.Қонаев көшесінің Түркістан көшесінен Ақмешіт көшесіне дейінгі бөлігі толық жабылады.