«Astana Times» ЖК, «Қаздала» ақпарат агенттігі, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің № 15 766 - ИА 30.12.2015 куәлігі берілген.

Астанада 1 мамырда Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Достық шеруі» атты велошеру өтеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты қалалық Мәдениет және спорт басқармасына сілтеме жасап.

Спорттық іс-шара Астананың 20 жылдығы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылады.

Велошеруге қатысушылар Астананың сол жағалауымен жүріп өтеді. Шараға әлемдік деңгейде ел намысын қорғап жүрген танымал велошабандоздар, белгілі спортшылар, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, сондай-ақ 12 жастан асқан елорда тұрғындары мен қонақтары қатысады.

Мұнымен қоса, велошеруге «Астана» Президенттік клубының «Astana Pro Team» кәсіпқой командасының өкілі Дмитрий Груздев те шақырылды. Спортшы Қазақстанның үш дүркін чемпионы, жеке жарыста Азияның екі дүркін чемпионы атанған.

Жарыс алдында концерттік бағдарлама өтеді, қатысушыларға жақсы көңіл-күй сыйлайтын жалпы спорттық жаттығулар жасалады. Велошеру аяқталған соң тіркелген қатысушылар арасында велосипедтер мен басқа да бағалы сыйлықтар ойнатылады.

Қала тұрғындарын белсенді және саламатты өмір салтына баулу, сондай-ақ күнделікті өмірде велосипедпен жүруді дәріптеу мақсатында спорттық бұқаралық шараны Астана қаласының мәдениет және спорт басқармасы ұйымдастырып отыр.

Айта кетейік, алаңда велосипедтерді жалға беру ұйымдастырылады, құны – 500-1000 теңге.

Жарыс сағат 13:00-де «Бәйтерек» монументінің алдындағы алаңда басталады. Қатысушыларды тіркеу сағат 11:00-де өткізіледі. Маршруттың ұзақтығы – 4100 м.