«Astana Times» ЖК, «Қаздала» ақпарат агенттігі, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің № 15 766 - ИА 30.12.2015 куәлігі берілген.

Қазіргі Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев «Әліп­пенің» түбіне жеткенімен тоқтамай, «Үштілділік» деген мәңгүрттік жобасымен қаруланып, ендігі жерде «Қазақ тілі», «Қазақ тарихы», «Қазақ әдебиеті», «Ежелгі қазақ тарихы», «Шығыстану» (Е.Сағадиевтің түсінігінше, шығысты толық танып бітіппіз, енді тек батысты тануымыз ғана қалыпты), «Лингвистика» пәндерінің тамырына балта шаппақшы көрінеді. Бұл ақпарат шындыққа айналса, бұл кісіні қызметінен алу былай тұрсын, тәуелсіз мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қол сұққаны үшін барлық қатаң тәртіппен жауапқа тарту керек! Өйткені, білім саласының қазіргі өзгерістері Ата Заңымыз – Конституциямыздың негізгі шарттарына қарсы-қайшы келе бастады: біріншіден, азаматтардың таңдау құқын бұзды; екіншіден, мемлекеттік тілдің мәртебесіне қол сұқты, үшіншіден, ұлттық мүдде­лері­мізге кесірін тигізді. Бәлкім, осы себептен, бұл мәселені Конс­титуциялық соттың құзырында қарау керек шығар...

«Әліпппе», «Қазақ тілі», «Қазақ тарихы», «Қазақ әдебиеті», «Ежелгі қазақ тарихы» – қазақ халқы үшін киелі ұғымдар әрі рухани құндылықтарымыздың қайнар бұлағы. Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевке (Кімге де болса!) қазақ халқы «Әліпппе»-ні жоюға, жоғарғы оқу орындарында тарих кафедраларын жабуға, ежелгі тарихымыздың оқытуды азайтуға, «Қазақ тілі», «Қазақ тарихы», «Қазақ әдебиеті», «Ежелгі қазақ тарихы», «Шығыстану», «Лингвистика» пәндерін жабуға құқ берген жоқ.

Жалпы, «Математиктер мен физиктерге, инженерлер мен ұшқыштарға туған елінің тарихын білу міндетті емес» деген пікірдің өзі – нағыз топастық «таным». Жер бетіндені өркениетті елдердің бәрінде ЖОО-да тарих пәні оқытылады.

Тәуелсіздіктің 25 жылында бізде білім мен ғылым саласының 20 министрі ауысыпты, солардың әрқайсысы өздерін «ұлы реформатор» санап, тек жүйені бүлдірумен ғана айналысқан. Балғын балаларымыздың обалы кімге, сонда?!. Ана тілі, ұлттық мәдениеті мен әдебиеті жоқ халық – мәңгүрт тобыр ғана екендігін түсінбейтін басшының құны көк тиыннан да арзан.

Қысқасы, қазақтың білім беру жүйесі терең тығырыққа тірелді.

Ең алдымен, халықпен кеңесу керек. Бүгінгі басшылар бұл заңдылықты белінен басып, мүлдем ұмытты. Аса маңызды, тағдырлы мәселелерде қоғамның пікірімен санаспаудың кесірінен – елдің жалпы дамуы кідіріп тұр.

Мысалы, үштілділікке көшу – біздің балаларымыздың болашағының мәселесі. Мұны халықпен санаспай, бір министрдің «өзімбілемдікке» салып, шеше салуы, қазақты ана тілінде білім алу құқынан айыруы – Конституцияны бұзу ғана емес, ұлттық мүддені – мемлекеттік мүддені белден басу. Мұндай өзекті мәселе – үштілділікке көшу – жалпыхалықтық референдум арқылы шешімін табуы керек.

Екіншіден, билік ӨТІРІК АЙТУДЫ ДОҒАРУЫ керек. Естеріңізде болса, Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев кезінде «үштілділікке көшу – қазақ тіліне, тарихына, әдебиетіне қарсы бағытталмаған» деп ант суын ішіп еді, қазіргі күні министрдің халықты алдап, мүлдем керісінше әрекет еткеніне біздің көзіміз жетті.

«Ағылшын тілі – болашағымыз» деген сөз – жалған ұран. Рас, ағылшын тілі – халықаралық тіл. Оны оқып-үйренуге әркім құқылы. Қазақ Елінде де ағылшын тіліне шектеу жоқ. Кімге ағылшын тілін (немесе кез келген басқа тілді) үйренуге қажеттілік туса, жеке ізденіп оқиды. Мәселен, қазіргі шетелде жүрген қазақ жастар ешқандай реформасыз-ақ шет тілін үйреніп, шекара асып кетті. «Түйеге жантақ керек болса, мойнын созады». Сондықтан, буыны бекімек түгілі, әріп танымайтын 5-6 жастағы сәбиге үш тілді үйретемін деу – зорлық қана емес, тіпті, қылмыс десек те артық емес.

 

Ерлан Сағадиевтің «Ғылымның 99 пайыз жаңалығы ағылшын тілінде жарияланады» деген «сүйіншісі» де солқылдап, жалғандығы жалындаған бәтуәсыздық. Бәлкім, мысалы, жапонның жаңалығының мәтіні ағылшынға аударылатын шығар, онда тұрған не бар?!. Керек десеңіз, бізде «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқыған ағылшын тілін білетін кейбір жастарымыздың жұмыс таба алмай, өз елінен безіп, мұхит асып, даяшы болып жұмыс істеп жүргендігін кім өтірікке шығара алады?!.

Ұлттық унитарлы мемлекетте – мемелекеттік тіл біреу-ақ, ал, Қазақ Елінде ғылымның тілі тек қазақ тілі болуы керек. Қазақ тілінің туған топырағында ғылым мен техниканың тілі болуын тежеуге ешкімнің құқы жоқ.

Үшіншіден, билік өкілдері халықтың есебінен арзан бедел жинауды тоқтатсын! Білім саласы шенеуніктерінің баянсыз бастамалары, дәйексіз тәжірибелері, тұрлаусыз троллингтері, университет боттарының пәтуәсыз фабрикалары, арзанқол насихат-үгіттері – халықты әбден қалжыратты.

Қызыл коммунистердің заманында Білім министрі лауазымы «ату жазасына кіретін» тізімде болған екен, яғни, елдің болашағы жастардың келешегінде қатеге ұрынған шенеуніктің тағдыры тегеурінді тәлкекпен тынады...

Бүгін күллі қазақ қоғамы қарсылығын білдірсе де, жалғыз ғана шенеунік қыңырлыққа салынып, «мені тағайындаған халық емес» деген емеурінмен ерегісе түсіп, алған бетінен қайтар емес. Артында сенген немесе мәжбүрлеген кімнің тұрғаны белгісіз Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев бұл қылығымен қазақтың беделіне нұқсан келтіріп жатқанын сезінуден де ада.

Демек, қазақ қоғамының бастаманы өз қолына алып, батыл шешімге баруына тура келді. Халық сенім көрсеткен өкілдер, кәсіби мамандар, министрлік қызметкерлері, қоғам қайраткерлері мен белсенділері бірігіп, тәуелсіз қоғамдық комиссия құру келісілді. Комиссия білім саласының соңғы жылдарғы тағдырлы бағдарламарына, шешімдеріне, құжаттарына толық тексеру (ревизия) жүргізуге ниетті. Әзірге тағдырлы шешімдердің жүзеге асуын уақытша тоқтата тұру ұсынылды. Біздіңше, бұл – мәмілелі бәтуа.

Тіл – ұлттың негізі, басты ерекшелігі. Тілді жоғалту – тұтас ұлтты жоғалту. Қазақ тілі – ұзақ уақыт зорлап-телінген орыс тілінің үстемдігінен шексіз жапа шеккен тіл. Сондықтан, ұятымыз бен арымыздың алдында адал болу үшін Қазақ Елінде басқа тілдерді мемлекеттік тілдің дәрежесіне сүйреуді доғару керек. Қазақ жерінде бабаларымыз сөйлеген бір тіл – қазақ тілі ғана үстем болуға тиіс.

серiктестер

ВАЛЮТА БАҒАМЫ

 

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР