«Astana Times» ЖК, «Қаздала» ақпарат агенттігі, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің № 15 766 - ИА 30.12.2015 куәлігі берілген.

Қарағанды облысы сыбайлас жемқорлықпен күрестің астаналық үлгісін енгізіп жатыр. Аймақ басшысы Ерлан Қошанов және ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев «Сарыарқа – адалдық алаңы» жобасының жарғысына қол қойды. Ең алдымен ол тұрмыстық жемқорлықты жоюға бағытталған. 

Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында Алик Шпекбаев аймақ активімен кездесті. Ведомство басшысы мемлекеттік қызметті жаңғырту жолдары және сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізу әдістері жайлы айтып берді. Ол мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақысын өтеудегі жаңа бонустық жүйенің артықшылықтарын атап өтті. 
Кездесу барысында «Сыбайлас жемқорлықтан азат өңірлер» жобасының басталғаны туралы жарияланды. 
- Астана бірінші болып осы жобаны іске қосты. Ол өзінің тиімділігін көрсетіп отыр. Біз де сыбайлас жемқорлықпен күресте жобалық менеджмент механизмін қолданатын боламыз, - деді Ерлан Қошанов. – Барлық қажетті мәселелерді бірлесіп шешеміз. Бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың негізгі бағыттарының бірі болады. 
Жоба мемлекеттік қызмет сапасын жақсартуға, тұрмыстық жемқорлықты жоюға, азаматтар мен бизнес үшін бөгетсіз және жайлы шарттар құруға, мемлекеттік органдардың іс-әрекетінде ашықтық пен мөлдірлікті қамтамасыз етуге және ауқымды қоғамдық бақылау жүргізуге бағытталған. 
- Басты мақсат – ол тұрмыстық жемқорлықты жою, - деп атап өтті Алик Шпекбаев. – Бірінші кезекте – сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу. Сананы жаңғырту қажет. Мен Қарағанды облысында осы бағытта жасалып жатқан жұмыстар көп екенін байқап отырмын. 
Электрондық форматта көрсетілетін қызметтер түрлерін көбейту қажет. Қазір Қарағанды обысында бұл деңгей 70% құрайды және әлі де ұлғаяды. 
Тағы бір маңызды міндет – азаматтық қоғам белсенділігі мен қоғамдық бақылауды дамыту болып табылады. 
Жобаны жүзеге асыруға азаматтық сектордың көшбасшылары, кәсіпкерлер, ғалымдар жұмылдырылған. Азаматтардан мемлекеттік органдардың іс-әрекеттерін жақсартуға және сыбайлас жемқорлықпен күресті жақсартуға қатысты ұсыныстары күтіледі.