«Astana Times» ЖК, «Қаздала» ақпарат агенттігі, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің № 15 766 - ИА 30.12.2015 куәлігі берілген.

Бүгіннен бастап адам мен бүркіттің достығы туралы баяндайтын толықметрлі «Мұзбалақ»  анимациялық фильмі отандық прокатқа шықты, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты. Фильмді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Шəкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы өндірген. Қызықты оқиғаға толы фильм режиссер-аниматорлар – Тұрдыбек Майдан мен Тілек Төлеуғазының бірлескен шығармашылық еңбегінің жемісі. «Біз «Мұзбалақтан» бұрын «Тастүлек» атты қысқаметражды анимациялық фильмді аяқтағанбыз. Сосын «Қазақфильм» басшылығы фильмді әрі қарай толықметражды етіп жасау туралы ұсыныс айтты.

Содан «Мұзбалақ» мультфильмінің сценарийін жазуға кірістік, жаңа кейіпкерлер қостық және экшн жанрында түсірдік», – дейді Тілек Төлеуғазы. Фильмге адам баласының бүркітті қолға үйретуі арқау болған. Оқиға желісі бойынша адам мен құс бір-біріне сенім білдіре отырып, бауыр басады. Сонымен қатар, фильмде қазақтың саятшылық дәстүрі де суреттеледі. «Қазақ халқы бес жасар бүркітті Мұзбалақ дейді. Қазақ құстың жас ерекшелігіне қарай ат қойған ғой. Фильмнің атауын да осы құстың нағыз бабына келген шағымен аттас алдық. Жалпы әлемдегі «Арыстан патшасы», «Мулан», «Спирит» деген фильмдердің жасалу мерзімі бес жыл және олардың командасында мыңдаған адам жұмыс жасайды», дейді Тұрдыбек Майдан. Екі жарым жыл көлемінде жасалған бұл фильмге 40-қа жуық кинематографияның осы жанрында еңбек етіп жүрген отандық мамандар жұмылдырылған. Фильмнің ұзақтығы бір сағат.   «Бір сағаттық мультфильмде олар қазақтың құсбегілік өнерін жанды ертегіге айналдырып, кішкентай көрермендерге анимация тілімен өте көркем жеткізе білген. Мұнда бəрі бар: жақсы сценарий, шебер өрілген, толассыз динамикаға құрылған шымыр драматургия, ұлттық келбетке, қимыл-қозғалысқа ие кейіпкерлер, этнографиялық суреттер, ұлттық болмыс пен танымға суарылған жаңаша, күрделі режиссерлік шешімдер. «Мұзбалақ» - қазақ анимациялық кино тарихындағы халықтық фольклорға мейлінше суғарылып, ұлттық бояуы жосаға қайнатқан асықтай қанық жағылған толықметрлі тұңғыш мультфильм», дейді өнертанушы Ерлан Төлеутай. Фильм қазақ тілінде жасалып, орыс тіліне дубляждалған. Ал фильмге арналып арнайы төрт саундтрек жазылған оны әнші әрі композитор Ұшқын Жамалбек жазып өзі орындаған. Фильм прокатқа екі тілде шығады және еліміз бойынша бір ай шамасында жүреді.

Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Астана қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz/kz/news/news/16023