«Astana Times» ЖК, «Қаздала» ақпарат агенттігі, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің № 15 766 - ИА 30.12.2015 куәлігі берілген.

«Астана Операда» 2-13 қазан аралығында сұранысқа ие педагог, хореограф, әлемдік балет жұлдызы Оливье Патейдің шеберлік сабағы өтуде.  Оливье Патей – Фландрия Корольдік балетінің тәлімгер ұстазы, Париждік балет труппасының премьері, көптеген беделді халықаралық байқаулардың қазылар мүшесі. Әлемнің түрлі елдерінде тұрақты түрде шеберлік сабақтарын өткізеді, ал қойылымдары болса Еуропа, Азия және Америка көрермендерінің ілтипатына бөленіп, табысқа ие болып жүр.

Оливье Патей Париж ұлттық операсы жанындағы би мектебінде, кейін Лондондағы Корольдік балет мектебінде би өнерін үйренді. Тамаша мансап жолында Дж. Баланчин, Дж. Роббинс, Р. Пети, Р. Нуреев, Ю. Григорович және өнердегі өзге де ұлы тұлғалармен бірлесіп қызмет етті. «Астана Опера» труппасымен классикалық би сабақтарын өткізу барысында әйгілі балетмейстер әуезділікке, кішігірім аяқ қимылдарына, би қозғалыстарын жасау кезінде дене, қол және басты дұрыс ұстау қалпына мән берілетін плие, легато, пор де бра қимылдарына ерекше назар аударады. Аталған өзгешеліктерді ескере отырып, мұқият жаттығудың арқасында әртістердің әрбір қозғалысы еркін әрі жеңіл болып көрінеді. - Астана қаласы маған бұрыннан таныс, мұнда мен 2011 жылы Париж операсының этуальдері М. Юрэль және К. Пакеттпен бірге келгенмін, бірақ бұл менің осы керемет театрға алғашқы келуім. «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова – әлемдік деңгейдегі атақты балерина және мен оның шақыртуына шынайы ризашылығымды білдіремін. Байқауымша, әртістердің техникасы тамаша әрі шын мәнінде мектебі мықты, - деді Оливье Патей. Педагог қазақстандықтар өте жайдарлы, қонақжай адамдар екенін және оған елордалық труппамен жұмыс жасау өте ыңғайлы екенін атап өтті. - Әртістердің сабақтарымды шапшаң және алғырлықпен қабылдауы, барлық тапсырмаларды рахаттана жасауы мені қатты қуантады. Сабақтарда материалды толық игерулері үшін оларды асықтырмауға тырысамын, кейде труппа өзін еркін сезінсін деп әзіл де айтамын. Педагог ретінде мен әртістердің жетіліп, кәсіби өсуі үшін олармен тым қатаң болмай, бірақ дамыту және көмектесу маңызды деп есептеймін, - деп ойымен бөлісті балетмейстер.

Материалдарды қандай да бір жолмен пайдалануға – Астана қаласының ресми сайтына белсенді гиперсілтеме болған жағдайда жол беріледі http://astana.gov.kz/kz/news/news/15919