«Astana Times» ЖК, «Қаздала» ақпарат агенттігі, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің № 15 766 - ИА 30.12.2015 куәлігі берілген.

Жәйрем кентінде 320 орынға шақталған жаңа мешіт салынып жатыр. Құрылысты Жәйрем ТКБК қаржыландырады.

Жалпы құны 870 млн теңгені құрайды. Мешітке бір дегенде 320 адам келе алады. Ғимараттың құрылыс жобасында екі күмбез (үлкен және шағын) бен екі мұнара, бөлек орналасқан қонақ асын беруге арналған асхана, дәрет алуға арналған орын мен мәйітхана қарастырылған. Мешіт маңындағы аумақ та абаттандырылады. 
Ескі мешітте дәріс алу бөлмелері мен кітапхана орналасады. 

- Жаңа ғимарат электр қуатымен жылытылады. Жәйрем ТКБК коммуналдық қызметтерді өтеу бойынша міндеттемелерді өз мойнына алды. Сонымен қатар жоба құрушылар жергілікті халықтың өтініштерін ескеріп, бөлек мәйітхана салып жатыр. Ол өз кезегінде мешітте, мәйітті сақтау және жуып, жаназа шығару секілді шараларды өткізуге мүмкіндік береді, - дейді бас имам Мұрсәли Ахмағамбет. 
Сондай-ақ тау кен байыту комбинатының тарапынан жасалатын қаржыландырудың арқасында кентте «Горняк» Мәдениет үйі де жөнделуде, 400 театр орындықтары сатып алынған. Биылғы жылы модульдік қазандық орнатылады. Бюджет есебінен Мәдениет үйінде LED экран орнатылады. 
- Біз «Жәйрем ТКБК» компаниясына көрсетіп жатқан қаржылық көмектері үшін үлкен алғысымызды білдіргіміз келеді. Кәсіпорын қолдауының арқасында балалар шығармашылықтарын шыңдауда, өз таланттарын көрсетіп, түрлі байқаулар мен фестивальдерге қатысуда, - деп атап өтті «Горняк» мәдениет үйінің жетекшісі Ақмарал Иманбекова. 
Мәдениет үйінде өнер мектебінің филиалы жұмыс істейді, баян және домбыра класстары бойынша дәріс беріледі. Сонымен қатар ағылшын тілін және менталды арифметиканы оқыту бойынша қосымша білім курстары бар. Жергілікті тұрғындардың өтініші бойынша, Мәдениет үйінде хореографияға арналған станоктар мен айна қабырғалармен жабдықталған зал жасалды. 
Жәйрем кентінің кішкентай тұрғындары үшін тек шығармашылық машықтарын дамыту ғана емес, білімдерін жоғарылату үшін де жағдай жасалуда. 
Наурызда Қаражал әкімдігі мен «Karazhal Operating» ЖШС арасында №5 мектепте 17 млн теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жасайтыны туралы меморандумға қол қойылған болатын. 
Бұл қаражатқа мектептің қасбеті жөнделіп, қазандық салынып, ғимаратта сумен қамту жүйесі қосылды. Сыныптарда орташа жөндеу жасалып, аумақ абаттандырылды. Мектеп 100 оқушыға шақталған, онда 17 педагог жұмыс істейді. 
Жергілікті бюджет есебінен мектепке ауыз су субұрқақтары, аккустикалық жүйе, швед қабырғасы, зияткерлік ойындар кабинеті, компьютері бар проектор мен интерактивтік тақта сатып алынды.