«Astana Times» ЖК, «Қаздала» ақпарат агенттігі, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің № 15 766 - ИА 30.12.2015 куәлігі берілген.

Кеше Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Астананың 20 жылдығын мерекелеу аясында «Третьяков галереясы топтамасынан ХХ ғасырдың 50 жауһары» атты көрме ашылды, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

 

Көрмеде Константин Коровин, Абрам Архипов, Константин Юон, Петр Кончаловский, Илья Машков, Аристарх Лентулов, Павел Кузнецов, Игорь Грабарь, Михаил Нестеров, Исаак Бродский, Татьяна Яблонская, Юрий Пименов, Дмитрий Жилинский, Виктор Попков, Таир Салахов және тағы басқа ХХ ғасыр өнер тарихындағы маңызды есімдер таныстырылған.

Елу көркем сурет туынды ХХ ғасырды тұтастай қамтыған десе де болады: ең алдыңғы суреттер 1900 жылдарға, соңғылары 1980 жылдарға жатады. Экспозицияға Абрам Архиповтың «Шаруа әйел», Константин Коровиннің «Бауда. Гурзуф», Аркадий Рыловтың «Жасыл шу», Илья Машковтың «Мәскеу азық-түлігі: нан», Александр Герасимовтың «Балет әртісі Лепешинскаяның портреті», Федор Решетниковтың «Тағы да екілік», Татьяна Яблонскаяның «Таңертең», Юрий Пименовтың «Болашақ көшедегі той» сынды әйгілі еңбектері кірген.

«Ресей мен Қазақстан экономикалық тұрғыдан ғана емес, мәдени байланыста да үлкен жұмыстарды бірлесе атқарып келеді. 2017 жылғы ЭКСПО Халықаралық-мамандандырылған көрмесі аясында ұйымдастырылған Эрмитаж көрмесі, Астана қаласының 20 жылдың мерейтойының аясында ұйымдастырылып отырған бүгінгі «Третьяков галереясы топтамасынан ХХ ғасырдың 50 жауһары» атты көрмесі де сол ынтымақтастықтың нәтижесі деп білемін», – деді көрменің ашылу салтанатында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Экспозицияланатын суреттердің көпшілігін есімдері орыс бейнелеу өнерінің ұлттық дәстүрін алып жүруші Мәскеу көркемсурет мектебімен байланысты шеберлер жасаған. Суретшілердің дербес мәнеріне, өздеріне шабыт беріп отыратын бағыттарына, темпераментіне, көркем сурет тобына қатыстылығына қарамастан дәстүрлер ұрпақтанұрпаққа, шеберден шеберге беріледі. «Жылжытушылар серіктестігі», «Орыс суретшілер одағы», «Қиық балта», «Революцияшыл Ресей суретшілерінің ассоциациясы» сынды атақты бірлестіктерді Мәскеу мектебінің шеберлері құрған.

Мемлекеттік Третьяков галереясының бас директоры Зельфира Трегулова: «Осы көрме туралы ұсыныс түскен күннен бастап біз қатты ойландық. «Қандай жұмыстарды апарамыз?» деген басты сұрақ болды. Біз өз арамызда ойлана келе ХХ ғасырға тән сурет өнерінің жауһарларын апаруды дұрыс деп таптық. Себебі, ХХ ғасырда Қазақстан мен Ресей халқы бір тудың астына біріккен мемлекет болатын. Осылайша біз Қазақстандық көрермендердің жүрегіне жол тапқымыз келді. Бүгінгі картиналардың төрттен үш бөлігі біздің галереяның тұрақты экспозициясының туындылары. Ал, тұрақты экспозицияны шет елге шығару музей үшін үлкен еңбек екенін музей қызметкерлері жақсы біледі», – деді.

Айта кетейік, көрме осы жылдың 10 қыркүйегіне дейін жалғасады.

Көрменің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Мемлекеттік Третьяков галереясының бас директоры Зельфира Трегулова, сонымен қатар ресейлік және қазақстандық өнертанушылар қатысты.