«Astana Times» ЖК, «Қаздала» ақпарат агенттігі, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің № 15 766 - ИА 30.12.2015 куәлігі берілген.

Соңғы бір-екі жылдағы өзімнің əлеуметтік желідегі белсенділігіме ойша шолу жасадым. Мен қай кезде белсенді болам? Жеке басымда тыныштық болмай, əлдекімнің назары жетіспегенде суретімді жүктеп, қайта-қайта ақылды сөздер жаза береді екенмін. Оған психологпен сөйлескенде нақты көзім жетті.

Əлеуметтік желі қазір көбіміздің сырымызды да, жырымызды да, «жынымызды» да шығаратын орта болды. Əйтеуір елдің бəріне бірдеңе жетпей жүргендей көрінеді. Жасөспірімдер тұрмақ жасы үлкен, тұлға деп жүрген кісілердің өзі əлеуметтік желіде арзан сөз жазып отырғанын көп байқаймыз. Ұранға да ілескіш. Бүгінгі қазақтың психологиясына əлеуметтік желі қалай əсер етіп жатыр? Бізде кумир болатын тұлға қалмай бара жатқан жоқ па? Əлеуметтік желі мəдениетін қалай қалыптастырамыз? Жалпы, əлеуметтік желідегі мен кіммін деген сұраққа бір сəт ойланып көрдіңіз бе? Otbasy.kz психологиялық кеңес беру орталығының директоры Ержан Мырзабаевтың мысалдары арқылы əлеуметтік желідегі өз бейнеңізді іздеп көріңіз. Бəлкім, желіні пайдалану мəдениетіңіз өзгерер, өмірге басқаша көзқараспен қарарсыз. Ендеше, Ержанды тыңдайық:

 



– Əлеуметтік желі соңғы он бес жылда қарқынды дамып келеді. Қазақстанда Мой мир, Вконтакте, Инстаграм, Фейсбук, Туиттер, YouTube сияқты желілер соңғы онжылдықта кеңінен қолданыла бастады. Əлеуметтік желілерде біз де отырамыз. Белгілі бір кісілердің парақшаларын оқимыз. Психолог ретінде оқырмандардың парақшасын қарау маңызды əрі қызық. Бізді қандай кісілер қарайтынын білу үшін аудиторияма анда-санда шолу жасап отырамын. Əлеуметтік желідегі профиліне қарап қандай кісі екенін, өмірдегі ұстанымы мен құндылықтары қандай екенін білуге болады. Яғни адам психологиясына зерттеу жүргізуге мүмкіндік бар. Əлеуметтік желілерге қарсылар да, оны белсенді түрде қолдануды ұсынатындар да бар. Солай қоғам екі топқа бөлініп жатыр. Менің ойымша, əлеуметтік желі – құрал. Əрбір құралды қалай қолдану кісінің өзіне байланысты. Мысалы, балғамен шеге қағуға да, адамның басын жаруға да болады немесе пышақпен нан кесуге де, адам өлтіруге де болады. Қолданысқа байланысты құрал жақсы немесе жаман бола алмайды. Əлеуметтік желі – XXI ғасырдың қажеттілік деңгейіндегі тренді. Менің бақылауымша қазіргі кезде адамдар əлеуметтік желі арқылы əлеуметсізденіп бара жатыр. Америкада 2001 жылы анкеталық сауалнама жүргізіпті. Сонда қатысушылардың басым бөлігі «шынайы он досым бар» деп көрсетіпті. Соңғы уақытта сол анкетаны қайта жүргізсе, «шынайы екі-ақ досым бар» белгілеген. Яғни бұл əлеуметтік желіні көп тұтынғандықтан күнделікті өмірде шынайы, бетпе-бет қатынас құрудың азайып бара жатқанын көрсетеді. Мысалы, əлеуметтік желі жоқ кезде адамдар бір-бірін көрсе ұзақ əңгімелесетін. Не істеп жүр, не жаңалық, оқуы, жұмысы қалай, бəрін сұрайтын. Қазіргі кезде əр сəтімізді əлеуметтік желіге салып, жазып отырмыз. Кімнің өмірінде не боп жатқаны белгілі. Бізде мынадай да жағдай болған: оқушы жазғы каникулдан соң мектепке келеді. Алғашқы сабақта мұғалім жазғы каникулдың қалай өткені туралы сұраса, оқушы: «Инстаграмымда бəрі тұр. Соны ашып қарай беріңіздер, айтып керегі не? Бəріңіз сонда барсыздар. Сондағы суреттерге қатысты сұрақтарыңыз болса, қойыңыздар. Не істегенім сонда тұр», – депті. Əлеуметтік желі пайда болғасын осындай болып кеттік деген сөз емес. Əлеуметтік желінің қазіргі қалпы біздің əлеуметтік желіге дейінгі психологиялық қалпымызды көрсетеді. Бір-біріне сыйластығы, қарым-қатынасы, көңіл бөлуі жеткілікті болмағандықтан, сол қолдауды, көңіл бөлуді əлеуметтік желіден іздейді. Отбасылық психолог болғандықтан көбіне ерлі-зайыптылар арасындағы қарым- қатынасқа назар аударамыз. Күйеуі əйеліне көңіл бөлмеген сайын əйелі əлеуметтік желіде белсенді болуға тырысады. Өзінің жеке суреттерін, балаларымен түскен суреттерін жиі сала бастайды. Бұл əйелдің күйеуімен бір проблемасы бар екенін көрсетеді. Бұл сөздің танымал адамдар мен əлеуметтік желіні белгілі коммерциялық мақсатта қолданатындарға онша қатысы жоқ. Күйеуі əйеліне көңіл бөлмесе, əйел қолдауды, көңіл бөлуді сырттағы адамнан іздейді.

БАЛА НЕГЕ ӘКЕ-ШЕШЕСІМЕН ТҰРУДАН БАС ТАРТТЫ?..

Бізде мынадай да жағдай болды: 8-сыныпта оқитын баланың анасы əлеуметтік желіде жазылушылар жинау мақсатында жағымсыз видеолар, ашық-шашық суреттер сала бастайды. Баласының сыныптастары: «Мынау сенің мамаң емес пе?» – деп айта бастаған. Сыныптастарының анасының профиліне кіріп, ыңғайсыз жазбалары мен суреттерін қарай бастағаны баланың ызасын тудырған. Бұл ер баланың психологиясына қатты əсер еткен. Бала анасын көргісі келмейтін халге жетіп, үйінен кеткен. Ата-əжесімен тұра бастаған. Мəселені тереңірек зерттеп қарағанда, анасына əкесі көңіл бөлмейтін болып шықты.

Көп ата-ана балаларының əлеуметтік желіден шықпайтынына шағымданады. «Телефоннан бас алмайды» дейді. Бала неге олай жасайды? Өйткені ол шынайы өмірдегі қарым-қатынасқа қанағаттанбайды. 4-5 жастағы бала əкесіне, анасына жабысады, ойнағысы келеді. Жұмыстан шаршап келген ата-ана баланың еркелігін көтере алмай, қолына телефонды бере салады. YouTube-тан мультик қосып алады. Біз бала кезімізде мультфильмді белгілі бір сағатта ғана көретінбіз. Сол сағатты күтетінбіз. Ал YouTube желісіндегі мультик бітпейді. Бала экрандағы қызықты суреттер мен əрекеттерге қызығып кетеді. Кішкентай кезінен бастап əлеуметтік желіге деген тəуелділік пайда болады. Көп ата-ана жасөспірім баласымен қандай диалог құру керек екенін білмейді. Біздікілердің əңгімесі тұрмыстық деңгейден аспайды. Диалогтарында сұрау, ұрсу, ақыл айту ғана бар. «Шəй қойдың ба?», «Сабақтан келдің бе?», «Бүгін қандай баға алдың?», «Үй жұмысын орындадың ба?», «Неге екі аласың?», «Неге кешіктің?», «Қайда болдың?» деген сияқты сөздерді қолданады. Ең жақын адамдарынан тек осындай сөздер еститін адам олармен қарым-қатынас жасағысы келе ме? Жоқ. Тек талап ету ғана бар. Оның орнына «балам, көңіл-күйің қалай?» деген бір ғана сұрақ сұраса, соның өзі көмек

БІЗ НЕГЕ «МЕН СЕНІ ЖАҚСЫ КӨРЕМ» ДЕГЕНДІ АЙТА АЛМАЙМЫЗ?

Психологиялық зерттеу бойынша, отбасында қарым-қатынас эмоционалдық деңгейде болмаса, онда ол отбасының ұзақ өмір сүруі мүмкін емес. Яғни, əрбір сөзімізде жағымды эмоция болуы керек. Ата-ана балаларына «мен сені жақсы көрем» дей алмайды. Бізге 25 жастағы клиент келді. Отбасылық мəселе бойынша. Жұбайымен үнемі ұрсысып қала береді екен. Ақыры əйелі баласын алып кетіп қалған. Қайта қосылып, қалай тату өмір сүрсек болады деп келген. Əйелімен де, күйеуімен де сөйлесіп, екеуін бір-біріне жайлап жақындата бастадық. Жігіт əйеліне «мен сені жақсы көрем» деп айтуы тиіс сатыға да келдік. «Осы апта əйеліңізге жақсы көретініңізді айтыңыз» деп жібердік. Үш күннен соң қайтып келіп тұр. «Айта алмадым» дейді. «Айту керек» деп қайта жібереміз. Өйткені логикалық түрде кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін дəлелдедік. Енді қарым-қатынасты эмоционалдық деңгейде күшейту керек. Бірақ үш күннен соң «айта алмадым» деп тағы қайтып келіп тұрады. Бар болғаны гүл сыйлап, «мен сені жақсы көрем» деген сөзді айту керек. Əйелге керегі сол ғана. Тағы да «айта алмадым» деп келіп тұрады. Неге айта алмайсыз?.. «Өз əйеліме қалай айтам… Біртүрлі. Оны жақсы көрмесем, үйленбес едім ғой», – дейді. Сонда анықтағанымыз – ол жігітке бала кезінде ата-анасы ешқашан «мен сені жақсы көремін» деп айтпаған екен. Ондай сөзді естімеген адам айта да алмайды. Құшақтап, айналудың орны бір бөлек, балаға «мен сені жақсы көрем» деп айту керек. Өйткені ерлі-зайыпты өмірде осы сөз отбасын сақтап қалады. Бала кезінен осындай сөзді естіп өскен бала оны айта алады. «Мен сені жақсы көрем» деген сөзді естімеген балада комплекс қалыптасады.

ӨМІРДЕ ОЙЫН АШЫҚ АЙТА АЛМАҒАН СОҢ…

Əлеуметтік желі адамдарға еркіндік береді. Ал шынайы өмірде тілдесу ондағыдай еркін емес. Өйткені еркіндікті отбасында жоғалтамыз. Баланы тұлға ретінде тəрбиелеу, əрбір айтқан сөзіне, пікіріне мəн беру, баланың ыңғайына қарай диалог құру қазақ отбасыларында жоқтың қасы. Ата-анасымен еркін сөйлесе алмаған бала ойын əлеуметтік желіде мəтінмен жазады. Қате болса, өшіресің, сөздерді алмастырасың. Яғни, қателікті түзей алады. Ал шынайы өмірде адамдарға ұнамсыз сөз айтып қойса, ол қателіктің орны түзелмейді. Сөз айтылып кетті. Бірақ соған ең бірінші ата-анасы түсіністік танытуы керек. Бүкіл əлем халқы əлеуметтік желіге неге кіріп кетті? Өйткені бұған дейін психологиялық тұрғыда айналамыздағы кісілермен қарым-қатынас азайып бара жатты..

 

 

ӨМІРДЕГІ ЭТИКАНЫ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕ ДЕ ҰСТАНУ КЕРЕК

Əлеуметтік желінің əлеуметсізденуіне қатысты біздің ұсынар шешіміміз – əлеуметтік желі мəдениетін қалыптастыру керек. Қоғам қайраткерлері, «жұлдыздар», журналистер, үлкен аудиторияға сөзі өтетін адамдар арқылы əлеуметтік желі мəдениетін таратуымыз керек. Əлеуметтік желі мəде-ниетін, ережесін бұзған кісілерді достықтан шығарып, желі əкімдігіне шағымдану керек. Көп адамнан шектеу алған желі қолданушы өз мəдениетін қалыптастырады. Күнделікті өмірде кез келген балағаттайтын, боқтық сөз айтатын, арандататын, өзін дөрекі ұстайтын адамнан бойын аулақ ұстаса, əлеуметтік желіде де сондай адамдардан өзін аулақ ұстауы керек.

Шынайы өмірдегі этиканы əлеуметтік желіде де ұстанған жөн. Қазіргі жағдайда біздің ұлттық құндылығымызға, тəрбиемізге қайшы əрекеттің видеосы шықса, сол көп көрілім жинайды. Қоғам талабы осы екен деп, танымалдықты арттыру үшін осындай видеоларды көп жүктей бастайды.

Жасөспірім қыздар, тұрмысқа шықпаған қыздар, жалпы жалғызбастылар əлеуметтік желіде белсенділік таныту арқылы өзіне дос жігіт іздейді немесе сүйіспеншілік қажеттілігін əлеуметтік желіде біреумен сөйлесу арқылы басады. Бірақ əлеуметтік желідегі қарым-қатынастың өте қауіпті екенін ескеру керек. «Əлеуметтік желі арқылы бақытымды таптым» деген кісілердің саны өте аз. Жаман ойлы адамдар əлеуметтік желі арқылы сенімге кіріп, жас қыздарды қармаққа түсіруді ойлайды. Кəмелет жасына толмаған қыздар соны ескерсе екен.

АДАМНЫҢ МИЫ КЕМШІЛІК ІЗДЕУГЕ БЕЙІМ

Əр адамның мамандығы мен жеке өмірін бөліп қарау керек. Мамандығына, кəсібіне қатысты керекті посттар жазуы мүмкін. Бірақ ол кісі жиырма төрт сағат сол мамандықтың иесі емес. Жеке өмірінде өзінің қоғамдық позициясына қарама-қайшы əрекеттер жасауы мүмкін. Кейде мамандығына қарап тамсанамыз да, ол кісі жиырма төрт сағат бойы керемет кісі деп қате ой түйіп жатамыз. Олардың кішігірім қателігі үлкен дау, айғай-шу болып кетеді. Егер қызметі, мамандығы барысында қателіктер жіберсе, оны қоғамның кешірмеуге құқығы бар.

Идеал адам жоқ. Идеал іздейтін кісілер қателікті, кемшілікті тез байқайды. Біз адамдарды қалай бағалаймыз? Оның бойындағы он қасиетті жазамыз. Бес жақсы, бес жаман қасиеті болса, орташа кісі. Алты жақсы, төрт жаман қасиеті болса, ортадан жоғары. 7-8 жақсы қасиеті болып, бір-екі жаман қасиеті болса, жақсы кісі. Ал 10 қасиетінің бəрі жақсы болса, ол кісі екіжүзді. Елдің алдында жүрген адам тек жақсы қасиеттерін көрсетіп, керемет өмірін жариялаған сайын халықтың сыны арта береді. Адамның миы қате, кемшілік іздеуге бейім. Сынға қатты ұшырамас үшін жалпының алдында өз қателіктерін де мойындай білуі керек.

 

АРАНДАТУДАН САҚТАНУ…

Əлеуметтік желіде белсенді кісілердің ақпаратты тарату мəселесін қолға алу керек. Халықты оятамын деп тексерілмеген ақпаратпен жұртты шошытып алмау керек. Өз басымнан өткен қызық жағдайды айтайын. Əлеуметтік желіде ұлты басқа жүргізушінің полиция қызметкерін балағаттап, жағасынан ұстап тұрған видеосы тарады. «Қазақтың жерінде қазақты қалай басынуға болады əрі ол полиция қызметкері болса?!» деген «намыс» менде де оянды. Комментарий жазып, өз парақшамда бөлісуді ойладым. Бірақ соңын күтейін деп өзімді тоқтаттым. Көп уақыт өтпей, видеоның толық нұсқасы шықты. Əлгі жігіттің мəшинесі бұзылып қалғасын жолдың шетіне қойып, «аварийкасын» жаққан. Полиция қызметкерлері келіп, айыппұл салып, мəшинені алып кетпек болған. Бірақ əлгі жігіт көмектесуді өтінген. Полиция қызметкерлері оны балағаттауды бірінші бастаған. Əрі əйелінің көзінше ауыр сөз айтқан. Алғашқы көрген видеом полицияның жағасына жармасу емес, ашу-ызасының белгісі болып шықты.

Видеоның толық нұсқасын көргенде өз-өзімнен ұялып кеттім. Біз қашаннан бері адамдарды ұлтына, дініне, түсіне, түріне байланысты бөлетін боп қалғанбыз? Адам қай кезде де адамдығын сақтап қалу керек. Жаман дін немесе жаман ұлт болмайды, мəселе тек қана адамда. Əлеуметтік желіде ұлтараздықты қоздырушы кісілерден қорқу керек. Бүгін ол басқа ұлтты жамандап, бөлсе, ертең қазақты жүзге, руға бөліп, бір-біріне дұшпан ретінде көрсетеді. Өйткені оның табиғатында, психологиясында араздық тудыру қаупі бар. Құқық қорғау органдарының жұмысы – бізге осындайды түсіндіріп беру. Өкінішке қарай, бізде əлеуметтік желіде белсенді болуы тиіс кісілер белсенді емес. Құқық қорғау органдары, мемлекеттік мекемелердің ресми парақшалары дұрыс жұмыс істеп, осындай əрекеттерге бірден «біз қазір бұл іс бойынша айналысып жатырмыз, екі күннен соң нəтижесін айтамыз» дегендей түсініктеме беріп отырса, халық та ашуланбайды, ызаланбайды. Сонда бос ұрандай беретін кісілердің «қақпанына» түсіп қалмас едік.

КҮЙЗЕЛІС ПЕН ДЕПРЕССИЯ…

Адамдар əлеуметтік желіде шектеу болмау керек деп ойлайды. «Менің құқығым басқалардың демократияны талап етуі басталатын жерден бітеді» деген сөз бар. Мысалы, кинотеатрға барып кино көріп отырмыз делік. Бəріміздің міндетіміз – сол жерде тыныш отырып кино көру. Қайта-қайта телефонмен айғайлап сөйлесіп, «менің телефонмен сөйлесуге құқығым бар» десең, ол қалған кісілердің құқығына қол сұғу. Əлеуметтік желілерде хайптарды неге жасайды? Өзіне назар аудартқысы келеді. Өзіне елдің көңіл бөлгенін қалайды. Өзіне назар аударту психологиялық комплекстен шығады. Қоғам тарапынан қолдау күту адам психологиясына наркотиктен де қауіпті. Зерттеулердің нəтижесі бойынша Инстаграм ең депрессия тудыратын желі болып танылған. Себебі адамдар онда өздерінің бақытты сəттерімен бөліседі. Бөлмесі шашылып жатса да, шашылмаған бұрышына барып селфи жасайды. Сондай бақытты сəттерді көрген кісіде салыстыру пайда болады. Содан депрессия пайда болады. Күйзеліс пен депрессиядан адамда кортизол гормоны артады. Ол гормонның артуы қатерлі ісік жасушаларын оятады. Сөйтіп психологиялық аурулардан физиологиялық аурулар туындайды.

КӨП ІШІНДЕГІ ЖАЛҒЫЗДЫҚ

Əлеуметтік желіде біліміңізді арттырып, дамытатын кісілерге ғана жазылыңыз деп айтар едім. Білім, технология, аспаз, сəн, психология, қай салаға қызығасыз, сол саланың адамдарына жазылып алыңыз. Жақсы парақшалар бар, соларды оқыңыз. Бір кісінің жазылып, оқитын парақшасының саны жиырмадан аспауы керек. Күніне жиырма жазбаны бір бет деп есептегенде, жиырма беттік дүние оқисың. Қазір көбі кітап оқиды деп айта алмаймын. Бірақ сол əлеуметтік желідегі жиырма пайдалы жазбаны оқу арқылы біліміңді арттыруға болады. Біз əлеуметтік желіні қалай пайдаланамыз? Керек, керек емес адамның бəріне жазылып аламыз. Оның ішінде сыныптастар, группаластар, туыстар, бəрі жүреді. Лентаңды солардың күнделікті тойға барған, қыдырған суреттері толтырып тастайды. Бірнəрсе үйренейін, түсінейін деп жазылған парақшаң солардың арасынан көрінбей қалады. Күніге көрісетін адамдарға жазылудың керегі жоқ. Оларға жазылмау арқылы күнделікті өмірде шынайы сөйлесесің. Əлеуметтік желіде бір «жүрек» басып қою арқылы көңіліңді білдірген боласың. Солай шынайы өмірде сөйлесуден алыстай бересің.

Біреудің жақыны қайтыс болса да, əлеуметтік желіде көңіл айту белең алып келеді. Өйткені барып жүру уақытты алады. Еріншек адам іс-қимылмен емес, диванда жатып, жылы жерде отырып əлеуметтік желі арқылы көңіл айтсам болды деп санайды. XXI ғасырдағы мегаполистердің ең үлкен проблемасы – көпшіліктің ішіндегі жалғыздық. Психологияда эмпатия деген түсінік бар. Эмпатия – өзімізді басқалардың орнына қою. Эмпатиялық тұрғыдан жауап іздеп көру керек. «Осындай болса, мен не істер едім? Нені ұнатып, нені ұнатпас едім» деп саралау керек. Жақының өмірден қайтса, «мұңды» деген смайлик басқан жеткілікті ме, əлде жаныңа келіп қолдау көрсеткенді қалайсың ба? Смайлик қойып, бір ауыз сөз жазған жеткілікті десең, онда солай жасап отыра бер. Эмпатия көп мəселені шешеді.

Мейіржан ЖЫЛҚЫБАЙ, ІТ маманы:

ФЕЙСБУКТЕ ДЕ БӘРІ САҚТАЛАДЫ

Фейсбукке тіркелген кезде көпшілік «Шарттармен келісемін» деген бөлімді оқымай, белгіні басып, «Ары қарай» өте береді. Бірақ сол бөлімде сіз қалдырған ақпаратты Фейсбуктің қалаған уақытынша сақтайтыны ескертілген. Сіздің кез келген өшіріп тастаған жазбаңызды да, хаттарыңызды да, суреттеріңізді де Фейсбук əкімшілігі қалағанынша сақтай алады. Мысалы, сіз Фейсбуктегі аккаунтыңызды жойып тастап, бір жылдан соң логинді енгізсеңіз, «қалпына келтіру» деген қызмет түрін ұсынады. Қалпына келтірсеңіз, жариялаған суреттеріңіз де, жазбаларыңыз да, хаттарыңыз да ашылып тұрады.

Фейсбук, Инстаграм, Уотсап бір адамға тиесілі. Марк Цукербергке. Фейсбуктен «Досыңыз жақын жерде» деген ескерту келеді. Желілер сіздің қайда жүргеніңізді бақылап отырады. Мысалы, Алматы аренада бір концерт болды дейік. Оған 12 мың адам сыяды. Автотұрақ 1000 орынға лайықталған. Бір мəшинеге төрт адамнан отырса, төрт мың адам өз мəшинесімен кетті деген сөз. Қалғаны жаяу немесе маршрутпен, таксимен кетеді. Осындай ақпараттарды Фейсбук такси қызметтеріне сатады. Сіз 5 минутта келеді деп күткен такси 3 минутта болу мүмкін. Өйткені сіздің қайда жүргеніңізді əлеуметтік желі арқылы алдын ала біліп алған. Гуглдың «Гугл кэш» деген қызметі бар. Ол кез келген сайттың көшірмесін жасай алады.




серiктестер

ВАЛЮТА БАҒАМЫ

 

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР