«Astana Times» ЖК, «Қаздала» ақпарат агенттігі, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің № 15 766 - ИА 30.12.2015 куәлігі берілген. Астана қаласы, Қ. Рысқұлбеков көшесі

Пенде баласы болған соң, бәріміздің азды-көпті кем кетік тұстарымыз, жасаған күнәларымыз бар. Біз күнделікті күйбең тіршілігімізде түрлі жағдайларға тап болып, артынан опық жейтін әрекеттерді жасап жатамыз. Десек те, тәубеге келіп, Құдайдан кешірім тілеу қашан да кеш емес.

Аллаһ Тағала Құран Кәрімде: «Әй, Менің өздеріне зұлымдық жасаған құлдарым, Алланың мейірімінен күдер үзбеңдер! Шын мәнінде, Алла күнәларды толығымен кешіреді: өйткені Ол – аса Кешірімді, Мейірімді!», - дейді («Әз-Зүмар» сүресі, 53-ші аят). Мұхаммед пайғамбарымыз да (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Күнәсы үшін тәубе еткен адам күнә жасамаған адаммен тең», – деген екен (Ибн Мәжаһ 4250).

Расында осы іспетті мысалдар арқылы Аллаһ Тағала өз құлдарына тек жақсылықты нәсіп еткендігін байқауға болады. Ислам дінінде адамзат баласының игілігі үшін көптеген пайдалы іс-амалдар бар екендігі мәлім. Құран мен сүннеттегі кез-келген бұйрықты алып қарар болсаңыз, оның артында терең парасат бар екендігін түсінесіз. Аллаһ Тағаланың сол бұйырған әмірлерін орындау арқылы мұсылман адам берекелі өмір сүре алады. Оның үстіне адам баласының жүрегі Жаратқан Иесін еске алу арқылы ғана тынышталатыны тағы бар. Ал сол жан дүниеңізді рахатқа бөлеудің, бұл өмірге келудегі негізгі мақсатыңызды түсінудің басты амалы – Аллаға көбірек зікір ету, яғни оны жиі еске алу, оның жаратқан әрбір дүниесінен мейірім көру.

Жалпы Аллаһ Тағаланың разылығына бөленудің жолдары көп. Дініміз Құдайдың мейірімі мен кешіріміне жетудің түрлі жолдарын қарастырып қойған. Сондай бір жолдардың бірі намаз бен құлшылықтан бөлек, пайғамбарымыз Мұхаммедке (салла Аллаһу алейһи уәс-сәләм) салауат айту.

Аллаһ Елшісі (с.ғ.с):

«Кімде-кім маған жұма күні 80 рет салауат айтса, ол адамның 80 жылдық күнәлары кешіріледі», - деген екен.

Бұл ерекше салауат түрі келесідей:

«Аллаһумма салли ғəлəə Мухəммəдин ғəбдикə уə нəбиикə уə расуликəн-нəбиил-уммии».

Салауат – дұға деген мағынаны білдіреді. Жалпы, мұсылман адамға жиі салауат айтып жүру міндет. Адамзаттың ең асылы Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз да бір хадисінде: «Кімде-кім маған бір рет салауат айтса, сол салауат үшін Аллаһ оған он рет салауат айтады», - деп қуантқан екен. Сондықтан пайдасы көп парызымызды орындауды әдетке айналдырайық.