«Astana Times» ЖК, «Қаздала» ақпарат агенттігі, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің № 15 766 - ИА 30.12.2015 куәлігі берілген. Астана қаласы, Қ. Рысқұлбеков көшесі

Осы жылы ҚР Қарулы Күштерінде алғаш рет ұлттық спорт түрі - көкпардан команда құрылған болатын. Команда үш матчты өткізіп те үлгерді. Қарағанды облысының құрамасына қарсы достастық матчтың алғашқы ойынында құрамамыз 3:1 есебімен жеңіске жетті. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызмет хабарлап отыр.

Бүгінгі таңда команда қыркүйектің 8-і мен 10-ы аралығында Астана қаласындағы «Қазанат» ипподромында өтетін ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Астана жұлдызы» республикалық турниріне жоспарлы дайындықтан өтіп жатыр.

«Алдағы турнирге дайындалу барысында біз күніне екі рет жаттығып жүрміз. Таңертең сайысқа қатысатын негізгі жылқыда шабамыз. Кешкі жаттығуда біз өзіміздің ойын машығымызды шыңдаймыз», - деді АОСК спорттық рота қызметінің мерзімді қызметтегі сарбазы Данияр Галлинуров.

Тамыз айының соңында көкпардан Қарулы Күштердің құрамасы ұлттық спорт түрлері бойынша облыстық Спартакиадаға қатысты. Жарысқа Қарағанды облысы, Софиевка және Аршалы ауданының құрама командалары қатысты.

Сайыс қорытындысы бойынша Қарулы Күштердің құрамасы шешуші кезеңде Қарағанды облысының құрамасынан оза шауып, Спартакиаданың жеңімпазы атанды.

«Командамыз үшін бұл қыркүйектің 8-і мен 10-ы аралығында Астанада өтетін «Астана жұлдызы» республикалық турнирі алдында психологиялық тұрғыдағы маңызды жеңіс болды. Алдағы тартысты бәсекелерге жоспарлы дайындалуды жалғастырып, жеңіс тұғырынан көрінуге тырысамыз», - деді команда капитаны Азамат Хасенов.

Мұндай спорт түрінің енгізілуі мен көкпардан штаттық команданың құрылуы бұл спорт түрінде араларында мерзімді қызметтегі сарбаздар бар армиялық спортшыларға сайыстарға қатысуға мүмкіндік беріп қана қоймай, сонымен бірге, кәсіби мамандарды дайындауға да септігін тигізетінін айта кетейік. Себебі, қазақстандық армияда таулы жағдайларда жауынгерлік арнайы операцияларға қатысу үшін арналған жекелеген бөлімше – жекелеген таулы-егерьлік полк бар.