«Astana Times» ЖК, «Қаздала» ақпарат агенттігі, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің № 15 766 - ИА 30.12.2015 куәлігі берілген.

Алматы Люблянда өткен ақылды қалалардың «Smart city-2018» Еуропалық форумында көлік жүйесін кешенді реформалау бойынша бірінші орынды иеленді. 50 ең үздік әлемдік практика мен инновациялық жобалардың финалдық үштігіне «Анкара парк» туристік жобасымен түрік астанасы Анкара мен «Сава өзеніне тұрғындардың оралуы» бағдарламасымен хорваттың Загреб қаласы да енді.

Конкурс комитеті Алматының қоғамдық көліктегі табыстың ашықтығына цифрлық технологияны пайдалануы, оның әртүрлігі мен қолжетімділігі, сарапшылар мен бизнестің қатысуы, МЖӘ механизмінің ұтымды қолданылуы, экологияны жақсартуға басымдылық беруі сынды басты критерийлерді атап өтті. Айта кетерлігі, биыл қалада автобус парктерін жаңарту деңгейі 80%-ға жететін болады. Жеке инвестиция есебінен үшінші буындағы электробустар шығаратын автобус паркі мен зауыт салынды. Электробустарды қала бағыттары бойынша жүргізу мегаполис экологиясына оң әсер етеді.

Елімізде алғаш рет BRT жүйесі іске асты, қоғамдық көлік үшін 110 км арнайы жолақтар жасалды, қаланың 10 орталық көшесіне біржақты көлік қозғалысы енгізілді, Орбитадан Көкбазарға дейін велодәліз жасақталды.Метроның екі бекетінің құрылысы жүруде, ол қаланы тыныш аудандармен және кейін қосылған елді мекендермен байланыстыратын болады.