«Astana Times» ЖК, «Қаздала» ақпарат агенттігі, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің № 15 766 - ИА 30.12.2015 куәлігі берілген.

Биылғы жылы Қарағанды облысында 8 140 түлек мектеп бітіреді. Алдын ала мәліметтер бойынша олардың 5 960-ы (73,2%) ҰБТ тапсыруды жоспарлап отыр. 
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдан бастап ҰБТ тапсырудың форматы өзгертілген болатын. Енді барлық түлектер мектептерінде емтихан (қорытынды аттестация) тапсырып, Ұлттық бірыңғай тестілеуді тек Қазақстандағы жоғары оқу орындарына түскілері келетіндер ғана тапсырады. Егер мектеп түлегі ЖОО-на түспейтін болса немесе шет елдік ЖОО-на түскісі келсе, ҰБТ тапсырмауына болады. 
Қарағанды облысының 3 574 түлегі ҰБТ мемлекеттік тілде, 2 386 – орыс тілінде тапсырады. Айта кету керек, тестілеуді түлектер өз қалауынша қазақ, орыс немесе ағылшын тілдерінде тапсыра алады. 


Облыста қорытынды аттестация нәтижесі бойынша берілетін «Алтын белгіге» 316 үміткер және үздік аттестатқа - 268 үміткер бар. 
ҰБТ 2018-ші жылы 20-шы маусымнан 1-ші шілдеге дейінгі аралықта өтеді. 
ҰБТ және кешендік тест тапсыру механизмі бұрыңғы қалпында қалды. Жоғарғы оқу орындарына түсушілер тестіні 5 пән бойынша тапсырады: 3 міндетті және 2 салалық. Барлығы 120 сұрақ. Тестіден өтуге берілетін жалпы уақыт: 3 сағат 50 минут (230 минут). 
Максималды ұпай - 140. 
Өту ұпайы сол беті қалды - 50. 
ҰБТ-ге дайындалу үшін Ұлттық тестілеу орталығының сайтында testcenter.kz онлайн режимде сынақ тестінен өтуге болады. Тестілеудің құны 260 теңге. Онда сонымен қатар ҰБТ тапсырмаларының үлгілері де орналастырылған. 
Өткен жылғыдай, биыл да ҰБТ-ден өтпей қалғандар, ЖОО-ға ақылы түрде оқуға түсуі үшін 2018-ші жылдың тамызында немесе 2019-шы жылдың қаңтарында тестіні қайта тапсыра алады. Қайта тапсыру құны 2 242 теңге. 
Қарағанды облысында тестілеу 15 алаңда өтеді: олардың 5-і ЖОО базасында орналасқан, 10 – жалпы білім беру мектептерінде. ҰБТ өткізілетін 3 орын Қарағанды қаласында, бір-біреуден Балқаш, Қаражал, Теміртау, Жезқазған қалаларында, Ақтоғай, Бұқар Жырау, Жаңаарқа, Осакаровка, Шет, Ұлытау, Қарқаралы, Нұра аудандарында. 
ҰБТ өтетін орындар бейнекамералармен, мобильді байланысты басқыштармен, аркалық және қолмен ұстайтын металл іздегіштермен жабдықталған. Өткен жылдардағыдай күту залдарында мониторларда ҰБТ өту барысының тікелей көрсетілімі ұйымдастырылады. 
Барлық жерлерде 3G, 4G, WI-FI байланыстарын басатын, жаңа модификациялы мобильдік байланыс басқыштары орнатылады деп жоспарлануда. Бүгінгі таңда білім бөлімдерімен 14 жаңа басқыштар сатып алынған. Қосымша тағы 30 басқыш, 6 қолмен ұстайтын металл іздегіш, 48 тікелей байланыс камераларын сатып алу жоспарланып отыр. 
Тестілеу өткізілетін жерден 50 шақырымнан ұзақ қашықтықта тұратын түлектер үшін көлік ұйымдастырылады. ҰБТ өтетін күннен бір күн бұрын оларды алдын ала әзірленген орналасу жерлеріне жеткізеді: мектептер мен мектеп жанындағы интернаттарға. Төрт реттік тамақтандыру қарастырылған. Барлығы жатын орынмен 570 түлек, тамақтанумен – 1 484, көлікпен жеткізумен – 2 180 түлек қамтамасыз етіледі. Бұл мақсаттарға жергілікті бюджеттерден 8,1 млн теңге бөлінген. 
Түлектер мен олардың ата-аналарының шағымдары мен өтініштеріне жедел түрде әрекет ету үшін ҰБТ кезінде ҰБТ үйлестіру және өткізу бойыншаоблыстық штаб жұмыс істейтін болады.


Қарағанды облысы білім басқармасының баспасөз қызметі