«Astana Times» ЖК, «Қаздала» ақпарат агенттігі, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің № 15 766 - ИА 30.12.2015 куәлігі берілген.

Тасқын суды өткізумен байланысты төтенше жағдайлардың қаупін төмендету мақсатында жыл сайын Астана қаласы әкімдігінде елорда аумағында тасқын суды өткізуге қатысты шаралар кешені қабылданады, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Кешенді жоспар су тасқынының алдын алатын инженерлік-техникалық шараларды қарастырады.

Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің басшысы Еркін Отарғалымұлының айтуынша, көктемгі су тасқынына қарсы шаралар жоспарын іске асыру барысында биыл 3 бағытқа басымдық берілмек.

«Бірінші кезекте, қала арқылы ағатынтасқын судың өтуі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарына ерекше мән беріледі. Наурыз айының соңына дейін Астанадағы су қоймасында сыйымдылығы 130 млн текше метрді құрайтын бос орынды құруды жоспарлап отырмыз. Бұл орын қар жылдам еріген кезде қала жағына ағатын көлемді су түсімінің алдын алуға септігін тигізеді», – деді Еркін Отарғалымұлы.

Төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің басшысы, сондай-ақ Астана қаласы әкімдігінің қазіргі таңда Есіл өзенінің арнасын күрделі жөндеуден өткізу жобасын іске асырып жатқанын алға тартты.

«Жақын арада арнаның жағалаулары кеңейтіліп, өзеннің түбі тереңдетелетін болады. Мұндай жұмыстар да тасқын суды қауіпсіз өткізуге мүмкіндік береді», - дейді ол.

Кешенді жоспардың тағы да бір негізгі бағыты – жергілікті жерлерде су деңгейінің көтерілуін болдырмау. Осы ретте Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері қарды қала сыртына шығару жұмыстарын күшейтіп отыр.

«2017 жылдың қазанынан бүгінге дейін қала аумағынан қардың 2,8 млн текше метрі шығарылды. Су басу қаупі төніп тұрған аумақтар анықталған.11 наурызда қарды шығару жұмыстарына арнайы техниканың 405 бірлігі жұмылдырылды. Қаланы қардан тазалау жұмыстарына 232 адам тартылған», – деп мәлімдеді Еркін Отарғалымұлы.

Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері апатты жағдайды болдырмау мақсатында елорда тұрғындарын өз үйлерінің ауласын қардан уақытында тазартуға шақырады.