«Astana Times» ЖК, «Қаздала» ақпарат агенттігі, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің № 15 766 - ИА 30.12.2015 куәлігі берілген.

Жапонияның Shionogi фармацевтикалық компаниясы балоксавир-марбоксил дәрісін ойлап тапты. Оның бір дозасы тұмауды бір күнде емдейді. Дәрі әлі сатылымға шықпады. Бірақ клиникалық сараптамада тиімділігі дәлелденді. Бұл туралы Science Alert басылымы жазады, деп хабарлайды Вaq.kz ақпарат агенттігі lenta.ru сайтына сілтеме жасап.

 

Сараптамаға тұмаумен ауырып жүрген 1436 адам қатысты. Мамандар оларға CAPSTONE-1 деп аталатын екілік рандомизирленген плацебо-бақылайтын сынақ жүргізді.

Қатысушылар үш топқа бөлінді. Олардың біреуіндегі емделушілер бір рет 40-80 миллиграмм балоксавир-марбоксил ішті, екінші топтағылар осельтамивирдің 75 миллиграмын бес күн бойы және үшіншісі плацебо (бақылау тобы) қабылдады.

Нәтижесінде бірінші топтың тұмауы екінші топқа қарағанда әлдеқайда басылғаны анықталды. Оның үстіне, оларға вирусты жою үшін тек 24 сағат жеткілікті болды. Ал, осельтамивирді 72 сағат, плацебоны 96 сағат ішкеннен кейін тұмау жазылды. Сонымен қатар, жаңа дәрімен емдеу тұмаудың асқынып кетуіне жол бермеді.

Енді Shionogi компаниясы балоксавир-марбоксилді сатуға өтінімді биыл береді. 2019 жылы дәріні сатып алуға болады деген болжам бар.