«Astana Times» ЖК, «Қаздала» ақпарат агенттігі, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің № 15 766 - ИА 30.12.2015 куәлігі берілген.

Аграрлық сектор – еліміздің әлеуетін көтеретін аса маңызды салалардың бірі. Себебі, халықтың әл-ауқаты мен сұранысына тікелей байланысты. Мәселен, егіс жинау науқанының нәтижелері, мемлекеттің азық-түлік деңгейін және қоғамдағы экономикалық тұрақтылықты анықтайды.

Тиісінше, оны өркендету үшін де елімізде бірқатар жұмыстар жасалып жүр. Әсіресе, қаржыландыру жағы. Жақсы нәтижелер де жоқ емес. Биыл 21 миллион тоннадан астам астық жиналды, олардың үштен бір бөлігі сапасы әлемдік стандарттарға сәйкес келетін жоғары сұрыптар. Майлы дақылдарға арналған аумақ та біршама ұлғайды. Қазан айының бірінші аптасының өзінде қазақстандық биржада 86 875 тонна астық сатылды. Тек бидай мен арпаның өзі осы жылдың өткен айында 17,34 млрд. теңге пайда әкелді. Қысқасы, егіс жинау мәселесі, елдің агроөнеркәсібінің әлеуеті жоғары екендігін көрсетіп жүр.

Десек те, ауыл шаруашылығындағы жетістіктер әлі де болмашы ғана. Бұны Ел Президенті де жақында осы сала министрі Асқар Мырзахметовты қабылдау барысында айтып кетті. Яғни, мемлекет бюджетінен бұл салаға біраз ақша аударылады. Бірақ бөлінген қаржы шығынды әлі толық ақтамай тұр. Негізгі себептердің біріне ғылыми әлеуетті тиісті дәрежеде қолданбауды жатқызуға болады. Яғни, аграрлық сала әзірге ғылыммен тығыз ұштаспай тұр. Мәселен, тауар өндірушілер инновациялық технологияларды көбірек қолданса, шығындарын екі есе жеңілдетер еді. Бизнес-қауымдастық тарапынан да ғылымды қаржыландыру үлесі тым аз. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, Жапония мен Германия елдерінің ғылым саласына қаражат құю үлесі – 70%, Қытайда, АҚШ-та, Финляндияда – 65%, Францияда – 54%, ал елімізде әзірге 5% шамасында.

Ғылыммен айналысатын кадрлардың жас шамасы да үлкен. Сондықтан кәсібилік деңгейі жыл сайын төмендеуде. Бізге халықаралық тәжірибе керек десеңіз де, «Болашақ» бағдарламасы бойынша ауыл шаруашылығы секторында білім алып келген мамандар саны тек 70 шамасында. Ал бұл 25 жылдың ішінде оқып келген студенттер саны. Еңбек нарығында ғылым тілін түсінетін, жаңа технологияларды іс барысында тиімді қолданатын әмбебап мамандар сұранысқа ие.

Соңғы 10 жыл ішінде ғылыми кадрлардың саны 8%-ға төмендеген. Олардың жас шамасының ұлғаюы байқалады. Ғылыми дәрежесі бар қызметкерлердің орта жасы 57-де. Тіпті ғылыми мақалалардың саны да 40%-ға азайған. Бұл осы саладағы зерттеулер сапасының нашарлағандығын айтады. Ғылыми институттар мен лабораториялар бүгінде түбегейлі модернизацияға мұқтаж.

Демек, аграрлық салаға «Ғылымсыз болашақ жоқ» деген қағиданы қатаң ұстанған жөн. Таяуда Елбасы да ғылыми әлеуетке көңіл бөлу керек екендігін айтты. Бұл ретте ауыл шаруашылығы министрі Асқар Исабекұлы АӨК-ті дамыту бағдарламасының аясында бүгінде 12 басым бағыт бойынша арнайы карта әзірленіп жатқандығы туралы баяндады. Айтуынша, жобадағы міндеттер алдағы уақытта аграрлық саланың көкейтесті мәселелерін шешуге көмектеседі.