«Astana Times» ЖК, «Қаздала» ақпарат агенттігі, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің № 15 766 - ИА 30.12.2015 куәлігі берілген.

Биыл Шымкентте 2833 пәтер ел игілігіне тапсырылады деп күтілуде. «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыруда облыс орталығында қарқынды жұмыстарды  байқау қиын емес.  Былтыр өңірімізде аталған бағдарлама аясында жалпы құны 7,8 млрд. теңгенi құрайтын 6 нысанның құрылысы басталған болатын.

Оның инженерлiк және көлiк инфрақұрылымдарын жүргiзуге 1 363 млрд. теңге жұмсалса, жалпы бүгiнгi күнге дейiн 7,8 млрд. теңгенiң 2,92 млрд. теңгесi толық игерiлген. «Тұран» шағынауданынан бой көтеретiн жаңа қалашық болашақта Шымкенттiң ең көрiктi, сәулетi келiскен аймағына айналмақ.

Құрылыс жұмыстары қарқын алған қалада жалпы бағдарлама негiзiнде 107 нысанның жобалау-сметалық құжаттары әзiрлену үстінде екен. Оның iшiнде 101 нысан тұрғын үй бойынша болса, 6 жоба инженерлiк инфрақұрылымдарға арналыпты.  Айта кету керек, 101 тұрғын үйдiң 75-i үшiншi сыныпты үйлер санатына жатса, яғни олар  несиеге берiлетiн болады.  Ал, арендалық 1444 пәтердi құрайтын 26 үй төртiншi санатқа жатады.

Рас, бүгінде Шымкентте тұрғын үйге мұқтаж жандар саны артпаса, кеміп отырған жоқ. Қалада қазіргі таңда пәтер кезегінде 31 мың 276 азамат тіркелген. Олардың екеуі бірінші кезекте баспанамен қамтамасыз етілуге тиісті Ұлы Отан соғысының ардагері. Осындай жеңілдікке ие жетім және ата-анасаның қамқорлығынсыз қалған балалар саны – 1559. Әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілгендер арасында 11 мың 275 азамат баспана кезегін күтіп жүр екен. Мемлекеттік және бюджеттік ұйым қызметкерлері арасында 18 мың 371 азамат баспана алуға ниетті. Ал, тұрғын үйі апатты деп танылған 29 азаматтың да баспана мәселесін тездетіп шешпесе тағы болмайды. 

 «Сондықтан да мұқтаж жандарды тездетіп тұрғын үймен қамту үшін мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасының бірнеше бағытын тиімді пайдалануды қолға алып отырмыз»,-  дейді  Шымкент қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы М. Әбдінұров.

 Шымкентте былтыр 4289 пәтерлі 69 үй пайдалануға берілсе, биыл 2833 пәтер ел игілігіне тапсырылмақ. Мамандардың болжамы бойынша 2020 жылға дейін Шымкентте тұрғын үй кезегіндегі азаматтардың 80 пайызын жалға берілетін баспанамен қамтамасыз ету үшін жыл сайынм 3000 пәтер пайдалануға берілуі керек екен. Кезектегі азаматтардың қалған 20 пайызын несиелік тұрғын үйлермен қамту мүмкіндігі бар.